9 маусым күні Yessenov University базасында Еуропалық Одақ Кеңесінің Шығыс Еуропа және Орталық Азиямен байланыс жөніндегі жұмыс тобы (COEST) делегациясымен маңызды кездесу өтті.
COEST тобының төрайымы Киара Джейн О’Брайен бастаған делегация құрамында: Еуропалық сыртқы әрекет қызметінің (EEAS) өкілдері, ЕО Комиссиясы мен ЕО Кеңесінің сарапшылары, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Өкілдігі, сондай-ақ Дания, Словения, Германия, Люксембург, Италия, Румыния, Испания, Австрия, Кипр, Польша, Венгрия, Швеция, Финляндия, Ирландия, Нидерланды, Хорватия және Португалия елдерінің дипломатиялық миссиялары мен сарапшылары болды.
Yessenov University Президенті Берік Ахметов делегациямен кездесу барысында университеттің халықаралық жобалары, Еуропалық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан бастамалар, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің дамуындағы университеттің аймақтық білім беру орны ретіндегі рөлі туралы баяндады. Сонымен қатар Қазақ-Неміс тұрақты инженерлік ғылымдар институты аясындағы жобаларға ерекше назар аударды.
Кездесу барысында делегация мүшелері климаттық тұрақтылық, экологиялық инжиниринг, жаңартылатын энергия көздері мен су ресурстарын басқару мәселелерін талқылады. Бұл — Еуропалық Одақ пен Орталық Азия үшін аса маңызды әрі стратегиялық бағыттар.
Осы тұрғыдан алғанда, Yessenov University-дің рөлі айрықша. Университет Маңғыстау өңірінің табиғи-экологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, жасыл технологиялар мен орнықты даму бағыттарында қолданбалы ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыруда; халықаралық серіктестермен бірлесіп экологиялық инжиниринг және энергия тиімділігі бойынша шешімдерді әзірлеуде; студенттер мен жас ғалымдарды тәжірибеге негізделген біліммен қамтып, өңірлік кадрлық әлеуетті нығайтуда.
Кездесу қорытындысы бойынша COEST делегациясы университеттің материалдық-техникалық базасымен танысып, халықаралық бағыттағы даму стратегиясына жоғары баға берді.