15 қыркүйек күні Yessenov University-де «ӘГП және ҚХА» кафедрасына қарасты «Аналар кеңесінің орталығы» өз жұмысын бастады.
Салтанатты шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Т.А. Әбішев, Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы А.А. Жайлханова, сондай-ақ университеттің атқарушы вице-президенті Е.Т. Нұрмағанбет қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Арнайы қонақ ретінде Алматы қаласынан келген гандболдан Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы, Азия чемпионатының күміс және қола жүлдегері А.П. Мохаммад орталыққа естелік сыйлығын табыстады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі 2014 жылы құрылған. Бүгінгі таңда ол отбасы мен ананың қоғамдағы оң бейнесін қалыптастыруға, ұлттық дәстүрді сақтауға және ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға зор үлес қосып отыр.
Yessenov University әйелдер қауымына әрқашан қолдау көрсетіп келеді. Қазіргі таңда университеттегі басшылық құрамының 68%-ын әйелдер құрайды.
Жаңа ашылған «Аналар кеңесінің орталығы» университетіміздегі оқытушы және студент аналарға әлеуметтік, құқықтық, моральдық және психологиялық қолдау көрсететін маңызды орта болады деп сенеміз.