Yessenov University-де Шахмардан Есеновтың монументі орнатылады

7 қазан күні Yessenov University қабырғасында маңызды әрі тарихи кездесу өтті. Университетке Yessenov Foundation қорының делегациясы келді. Делегация құрамында көрнекті қазақстандық геолог, ғалым және мемлекет қайраткері Шахмардан Есеновтің ұлы – Мақсұтбек Шахмарданұлы Есенов, Қор директоры Ирина Грищенко, сондай-ақ белгілі мүсіншілер мен дизайнерлер болды.
Кездесу барысында Yessenov University және Shakhmardan Yessenov Foundation академик, көрнекті ғалым Шахмардан Есеновке арналған монумент орнату жөнінде келісімге қол қойды. Ескерткіштің ашылуы ғалымның 100 жылдық мерейтойына орай 2027 жылға жоспарланған.
Келісім аясында Қор монументтің эскизін әзірлеу, қаржыландыру, орнату және маңайын абаттандыру жұмыстарын өз жауапкершілігіне алады.
Yessenov University президенті Берік Ахметов монументтің келер ұрпақ үшін «күш нүктесіне» айналып, ғылым мен ел дамуына өмірін арнаған тұлғаның рухын сезінуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Кездесудің ерекше сәттерінің бірі – академиктің ұлы, университеттің Директорлар кеңесінің ұзақ жылдар мүшесі Мақсұтбек Шахмарданұлы Есеновтің университет дамуына қосқан зор үлесі үшін «Yessenov» төсбелгісімен марапатталуы болды.
Жобада талантты архитекторлар мен дизайнерлер – Әсел Есжанова, Чингиз Батырбеков және мүсінші Мейрам Баймұханов қатысуда. Дайындық жұмыстары басталып кетті.