29 қараша күні Yessenov University-де «Yessenov Forum: Тұрақтылық мағыналар» форумы аясында ғылыми хакатон ұйымдастырылды.
Форум шеңберінде форсайт сессия өткізілді. Оған Маңғыстау облысы экономикасының барлық салаларынан жетекші сарапшылар қатысты. Мамандар 8 бағыт бойынша ғылыми-технологиялық және инновациялық-өндірістік дамудың жаһандық трендтерін анықтап, оларды Маңғыстау экономикасына енгізу жолдарын қарастырды. Атап айтқанда, келесі бағыттар талқыланды:
Сутегі энергетикасы, мұнай өңдеу және экологиялық тұрақтылықтың перспективалары;
Суды тұщыландыру және тазарту технологиялары;
Өңдеу технологиялары мен жүйелер, логистикадағы тұрақты даму;
Каспий теңізінің экологиясы және экожүйелерді мониторингтеу;
Мемлекеттік басқаруда жобаларды басқару әдісін енгізу, үлкен деректерді интерпретациялау мен талдау;
Урбанизацияның өзекті мәселелері мен тенденциялары;
Экономикалық, басқарушылық және құқықтық аспектілер;
Туризм мен қызмет көрсету саласы, тарихи-мәдени мұра индустриясы;
Педагогикалық білім берудегі ғылым мен тәжірибенің синергиясы.
Форсайт сессиясында сарапшылар Маңғыстау өңірінің алдағы 5-10 жылдықтағы даму бағыттары мен экономикалық қолдауды қажет ететін салаларды айқындауға тырысты. Форсайт сессия нәтижелері ғылыми кеңестің отырысында қарастырылып, Маңғыстау облысы әкімдігі жанындағы ғылыми кеңестің ұсыныстарына енгізілетін болады.
Бұл форум — аймақтың тұрақты дамуына арналған идеялар мен шешімдер ұсынатын маңызды алаң болып табылады.