ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев Yessenov University-ге арнайы келді

Вице-министр іссапарын XII жазғы Универсиада ойындарын өткізу жұмыстарымен танысудан бастады. Алдымен Yessenov Sport Club кешенін аралап шықты. Универсиаданың жарыс кестесіндегі тоғызқұмалақ, шахмат, футзал ойындарын көрді.

Содан соң Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев және Yessenov University президенті Берік Ахметовпен бірге Қоғамдық коммуникация орталығының баспасөз конференциясына қатысып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Кампус-тур кезінде университет ғимаратымен танысқан вице-министр қабылдау комиссиясының қызметкерлерімен және UNION студенттік кеңесінің мүшелерімен де жолығып, сұхбаттасты.

Негізінен жоғары білім және ғылым мәселелері бойынша жетекшілік ететін вице-министр Қуаныш Асылханұлы университеттің профессор-оқытушыларымен, факультет декандарымен, кафедра меңгерушілерімен кездесу өткізді. Жиын үстінде грант бөлу, кейбір мамандықтар бойынша докторантура ашу, квота санын көбейту, «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түсу бойынша түрлі мәселелер талқыланды. Еркін пікір алмасу форматында өткен отырысқа қатысқан ұстаздар қауымы өз ұсыныстарын да ортаға салды.

Кездесуден соң вице-министр Қ.Ерғалиев XII жазғы Универсиаданың салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.