Лондонда Маңғыстаудың даму жоспарына сай жасақталған бағдарлама таныстырылды

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бастап барған делегацияның Лондонда өткен мемлекетаралық мәжілісінде Yessenov University президенті Берік Ахметов үкіметаралық комиссияға ынтымақтастық бағытындағы мүмкіндіктерді таныстырды.

 

Маңғыстау өңірінің даму жоспары мен сұранысына сай дайындалған білім беру, көлік-логистика, туризм, жасыл сутегі, инженерлік салалардағы тың бағыттар бойынша оқыту жоспарына Британ университеттерінің басшылары да қызығушылық білдірді.

 

Yessenov University және Canterbury Christ Church University арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Екі университеттің әріптестігі негізінде білім беру, бизнес және менеджмент, туризм және қонақжайлық саласындағы академиялық алмасу, инженерия, есептеу техникасы бағыттарын зерттеу арқылы студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының әлеуетін арттыру көзделген.

 

Сондай-ақ ынтымақтастық аясында бірлескен білім, қос диплом беру бағдарламаларын жасақтау және іске асыру, екі университет арасында жаңа техника мен технологияларды игеруді қамтамасыз ететін ғылыми ұжымдарды, зертханаларды қалыптастыру көзделіп отыр.

 

Меморандумға қол қою және университеттердің ынтымақтастықты одан әрі дамытуы жоғары білім мен ғылымның сапалы ортасын қалыптастыруға, Ұлыбританияның оқытудағы озық әдістерін енгізуге мүмкіндік береді.