28 мамыр күні саяси қуған-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында Yessenov University әлеуметтік қолдау көрсету және жастарды дамыту басқармасының ұйымдастыруымен саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен кездесу өтті.
Қарақия ауданы Құрық кентінен Бақыт Мамайқызы (1931 жылғы Адай көтерілісінің басшысы Мамай Салпықұлының қызы) мен Жолдығали Шүкіралин (1870 жылғы көтеріліс басшысы Иса Тіленбайұлының шөбересі, 1931 жылғы көтеріліске қатысушы Нұрберген Исаұлының немересі); Жаңаөзен қаласынан Оразалы Досантегі (1870 жылғы көтеріліс басшысы Досан Тәжіұлының ұрпағы); Түпқараған ауданынан Ордалы Қосай (1931 жылғы көтерілістен соң сотталған Өтесін молда Ермағамбетұлының немересі); Ақтау қаласынан Қалия Смайылова (1931 жылғы көтеріліс басшысы Смайыл Сарбасұлының немересі) арнайы келіп қатысып, тәлімгерлер мен студенттерге естелік әңгімелерін айтты.
Кездесу қонақтары өткен ғасырлардағы аталарымыздың ерлігін тілге тиек ете отырып, жастарға қазіргі бар байлығымыз – Тәуелсіздіктің жәй сөз емес, ата-бабаларымыздың жылдар бойы аңсаған арманы мен көздеген мақсаты екендігін, және қазіргі жастарға қалдырған ең үлкен мұрасы мен аманаты екендігін айтты.