YESSENOV UNIVERSITY ПРЕЗИДЕНТІ Б.Б. АХМЕТОВ ЖЫЛ САЙЫНҒЫ ҚОҒАМ АЛДЫНДАҒЫ ЕСЕБІН ҰСЫНДЫ

5 желтоқсан күні Yessenov University президенті Б.Б. Ахметов өзінің жыл сайынғы қоғам алдындағы есебін ұсынды.

Yessenov University коммерциялық емес акционерлік қоғамға өткен сәттен бастап университет жыл сайын қоғам алдында есеп беруді тұрақты тәжірибеге айналдырды. 2024–2025 оқу жылындағы университет қызметінің негізгі нәтижелерін назарларыңызға ұсынамыз. Бұл жыл Yessenov University үшін айқын өзгерістер мен маңызды жетістіктер кезеңі болды. Біз білім сапасын арттыру, ғылыми әлеуетті күшейту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, инфрақұрылымды дамыту және студенттердің әл-ауқатын жақсарту бағытында жүйелі жұмыс жүргіздік.

Yessenov University миссиясы – Маңғыстау өңірінің тұрақты дамуы үшін оқыту, шабыттандыру және зерттеулерді дамыту. Біздің түлектер жаңа өндірістердің дамуына, цифрлық трансформацияға, үздіксіз білім беру жүйесіне және Каспий өңіріндегі туризмнің өркендеуіне үлес қосып, аймақтың кәсіби кадрлық сұранысын қамтамасыз етеді.

Соңғы жеті жылда университет студенттерінің саны 3167-ден 10 мыңнан астам білім алушыға дейін өсті; 400-ден астам шетелдік студенттер Африкадан Еуразияға дейінгі елдерден келіп, кампустың мультимәдени ортаға айналуына ықпал етті.

Университетте 390-нан аса оқытушы қызмет атқарады, олардың 199-ы ғылыми дәрежеге ие. Биыл жетекші ұлттық жоғары оқу орындарынан 30-дан астам білікті маман қатарға қосылып, академиялық сапаның одан әрі артуына серпін берді.

Университет 100-ден астам білім беру бағдарламасын іске асырады, олардың 79%-ы халықаралық аккредитациядан өткен. Биыл «Компьютерлік ғылымдар және жасанды интеллект» факультеті ашылып, IT, деректер талдауы, жасанды интеллект және автоматтандыру бағыттарында жаңа траекториялар ұсынылды. Туризм, экология, энергия, құрылыс, мұнай-газ, бизнес-аналитика, дәстүрлі музыка және тіл мамандықтары Маңғыстау өңірінің стратегиялық қажеттіліктерімен толық үйлеседі.

Университеттің сапа көрсеткіштері халықаралық деңгейде мойындалды:

  • QS World University Rankings 2026 – #1201–1400
  • QS Asia – соңғы жылдары 200 орынға өсіп, 451–460
  • Ұлттық рейтингте 2018 жылғы 18-орыннан 4-орын
  • ACQUIN институционалдық аккредитациясын ескертусіз алған Қазақстандағы жалғыз университет
  • Түлектердің жұмыспен қамтылуы – 92%

Бренд және бақыт индекстері де оң динамика көрсетті: университет брендінің интегралдық индексі 79,4%-дан 86,1%-ға дейін, ал студенттердің кәсіби бақыт индексі 73,9%-дан 82,3%-ға дейін өсті. Профессор-оқытушылар құрамының кәсіби бақыт деңгейі 83,4%-ды құрап, ұжым ішінде дені сау кәсіби мәдениеттің қалыптасқанын көрсетті.

Ғылыми қызмет – университеттің басты басымдықтарының бірі. Жалпы құны 6,1 млрд теңге болатын 27 ғылыми жоба жүзеге асырылуда, оның ішінде «Жас ғалым» бағдарламасы аясындағы 13 жоба бар. Ғылымды қаржыландыру көлемі 2020 жылғы 40 млн теңгеден 2,2 млрд теңгеге дейін өсіп, Каспий экологиясы, суды тұщыландыру, мұнай-химия, тарихи мұра және білім беру аналитикасы бағыттарында халықаралық деңгейде маңызды нәтижелер алынды.

Интернационалдандыру көрсеткіштері де артып келеді:

  • 125 халықаралық серіктес
  • 438 студенттің академиялық ұтқырлық арқылы шетелде білім алуы
  • 36 шетелдік профессордың дәріс оқуы
  • 9 қос дипломды бағдарлама
  • «500 ғалым» жобасы аясында 20 зерттеушінің әлемнің жетекші университеттерінде тағылымдамадан өтуі.

Инфрақұрылым айтарлықтай жаңартылды:

  • Yessenov Technopark
  • 1500 орындық стадион
  • Жастар паркі және 5000-ға жуық ағаш

Цифрлық трансформация нәтижесінде студентке бағытталған экожүйе қалыптасты:

YU Otinish сервісі, ID.YU.EDU.KZ бірыңғай кіру жүйесі, YU Coins платформасы, 01Edu IT-мектебі және халықаралық FabLab желісіне қосылған YU FabLab — кампустың заманауи цифрлық мәдениетін қалыптастырып отыр.

Бұл нәтижелер – профессор-оқытушылар құрамының, қызметкерлердің және студенттердің бірлескен еңбегінің жемісі. Yessenov University алдағы уақытта да сапалы білім, тиімді зерттеулер және жауапкершілігі жоғары азаматтарды тәрбиелеу арқылы Маңғыстау өңірі мен еліміздің тұрақты дамуына үлес қосуды жалғастырады.