Астана қаласында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиынға ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары, ЖОО ректорлары; ұлттық және республикалық орталықтардың, халықаралық мектептер, республикалық мектеп-интернат және колледждер директорлары қатысты.

Алқа отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2018-жылғы қызметінің негізгі қорытындылары және 2019-жылға арналған міндеттері» туралы баяндама жасады.

Сонымен қатар, 2020-жылы Қазақстанда оқу жетістіктерін сыртқы бағалау (ОЖСБ) жұмысы тоқтатылады. Бұл туралы министр Е. Сағадиев алқа отырысында айтты.

«2020 жылы ОЖСБ өткізу процедурасын тоқтатуды жоспарлап отырмыз. Жоғарғы оқу орындарына академиялық еркіндік берілгендіктен, ОЖСБ өткізудің қажеті жоқ деп есептейміз», – деді Е. Сағадиев.