Мемлекет басшысының «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласындағы Абай өсиеттері туралы толғаныстары кім кімді де бей жай қалдырмайды. «Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады» деген Президент сөздері бүгінде Ұлы Абайдың сөздерімен өмір сүріп жатқандығымыздың дәлеліндей.
Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында университетімізде «Абай әлеміне саяхат» клубының жұмыс жасап жатуы да – Ұлы Абайды ұлықтау. Жас ұрпақты Абай өнегесімен тәрбиелеп, Ұлы Абайдың мұрасын насихаттау арқылы жастарға рухани серпін сыйлай алсақ, ұлы арманымыздың орындалғаны дер едім. Екі ғасырға жуық уақыт өтсе де, Абай мұраларының құндылығы жойылған жоқ. Оны бүгінгі жастарымыздың терең зерделей алуына жол ашуымыз керек. Себебі біздер ХХІ ғасырдың болашақ ғалымдары мен мамандарын даярлап жатырмыз. Ұрпақ үшін Абайдың өсиет, тұжырымдарының бұрынғыдан да маңыздырақ, бұрынғыдан да өзектірек болатыны айдан анық. Президентше айтсам, «ХХІ ғасырдағы ғылымның мақсаты биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу екенін көріп отырмыз… Өскелең ұрпақ, Абай айтқандай, ғылымды толық игерсе, өз тілін құрметтесе әрі шын мәнінде полиглот болса, ұлтымызға тек игілік әкелері сөзсіз…». Осылайша Абайды тану арқылы біз өзімізді өзіміз танып келеміз. Қазақтың бітім-болмысын, мәдениетін Абай арқылы танытуды көздеген мақаланың берер тағылымы өте зор.