“МАҢҒЫСТАУДЫҢ САКРАЛДЫ МӘТІНДЕРІ” ЖОБАСЫ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Есенов университеті базасында ҚР ҒЖБМ 2020-2022 жж. гранттық қаржыландырылған АР08856996 «Маңғыстаудағы сакралды мәтіндердің концептуалды кеңістігі (жыраулардың поэтикалық мәтіндері, эпитафиялық мәтіндер, петроглифтер)» (ғылыми жетекші – профессор Нұрдәулетова Б.И) ғылыми жобасын сәтті аяқтады.

Жобаның идеясы Маңғыстау мәдени мәтінінің неғұрлым репрезентациялауды қажет ететін бағыттары – жыраулар шығармашылығы және эпитафиялық жазба мәтіндердегі, таңбалы тастардағы концептуалдық таным-түсініктерді – өңірдің этнобрендін, имиджін қалыптастырушы фактор, осы өңірді мекендеген тарихи этностардың ортақ танымы, «Мәңгілік ел» идеясының құрамдас бөлігі ретінде қарастыру болды.

Жобада этностың ежелгі таным-түсінігінен, салт-дәстүр, әдет-ғұрпынан хабар беретін символикалық мәні бар вербалды және бейвербалды мәтіндерді сакралды мәтіндер ретінде қарастырылды. Маңғыстау сакралды мәтіндері – қойтас, құлпытас, сағанатам, күмбезтамдардағы таңба-белгілер, жазулар, жерасты және жартасты мешіт қабырғаларындағы таңбалар мен жазулар, таңбалы тастардағы петроглифтер, руна типтес жазулар зерттеу барысында Маңғыстау тарихындағы ескі (б.з.д. IV-б.з.IVғғ., сармат-алан кезеңі), ортағасырлық (оғыз, түрікмен, ноғайлы кезеңдері) және XIX-XX ғғ. (қазақтар қоныстанған кезең) ескерткіштер ретінде жіктеліп, зерттелді.

2020-2021-2022 жылдар ішінде Маңғыстау мен Үстірт аймағында 3 рет далалық ғылыми экспедиция ұйымдастырылды. Экспедиция құрамында тарихшы, этнограф, фольклортанушы, лингвист, шығыстанушы, теолог және жергілікті өлкетанушылар жұмыс жасады. Жүргізілген экспедиция барысында Сейсем Ата пантионы, Қараман Ата, Масат Ата, Қамысбай Ата, Қарағашты әулие, Қосмола, Жиделі, Ман Ата, Долы Апа, Бектемір Баба, Жыланды, Шейх Ата қорымдары және Таңбалы сай (Қара қабақ), Қарлыбас, Тынымбай шоқы, Шайтанкүп, Олжабай, Қақпақты тарихи-мәдени нысандары зерттелді, барлығы 96 таңба, 4 түрлі «вавилон» кестесі суретке түсірілді. Олардың қатарында әлі анықталмаған таңбалар да бар. Ескерткіштерде кездесетін негізгі таңбалардың ең көнесі сармат тайпаларына, ал берісі оғыз және қазақ тайпаларына тиесілі. Қазіргі таңда облыс аумағында 3 руналық жазба, 13 таңбалар жиынтығы (таңбалардың ауқымына қарай, олардың бесеуі ірі көлемде, сегізі шағын көлемдегі таңбалар жиынтығы), 4 көлемді петроглиф табылып отыр.