2017 жылғы 21 желтоқсанда Маңғыстау облысы бойынша дәстүрлі «Жыл адамы – 2017» байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Шараның басты мақсаты – өңірдің экономикалық, әлеуметтік, рухани дамуына үлесін қосып, елдің тыныс-тіршілігіне әсерін тигізіп отырған азаматтардың еңбегін бағалап, арнайы марапаттар арқылы мерейін өсіріп, қанаттандыру.
19 номинация бойынша Жыл үздіктеріне арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтарды Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, облыс әкімінің орынбасарлары мен ірі кәсіпорындардың басшылары тапсырып, марапаттады.
«Жыл ғалымы» номинациясы бойынша Ш. Есенов атындағы КМТИУ «Педагогика» факультеті «Физика және математика» кафедрасының аға оқытушысы КАСАЕВА Асылканым Жоламановна марапатталды.
А.Ж. Касаеваның 35-тен аса ғылыми мақаласы, 2 электронды оқулығы, 5 оқу құралы жарық көрген. «Маңғыстаудың жер асты суларынан энергия алу» атты ғылыми жобасы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатынасты.