Астана қаласының Астана хаб орталығында “Startup Bolashak-Менің Арманым” жастардың стартап жобалары ұлттық байқауының финалдық кезеңінде  Yessenov University атынан Каспий Кәсіпкерлік орталығының командасы қатысты.

Байқаудың алғашқы күні қатысушылар қазіргі таңда Астана қаласында жұмыс істеп тұрған Astana hub, BeInTech, Remark digital agencу, BTS group сияқты сәтті стартап компанияларды аралап шықты. Тәжірибелі мамандарды тыңдау барысында финалисттер біраз пайдалы ақпарат алды.

Байқаудың екінші күні Еліміздің үздік коучтеры, бизнес жаттықтырушылары мен блогерлері жетістікке жетудегі өз құпияларымен бөлісті. Финалистер әр-бір кеңесті мұқият тыңдап, қызықтырған сауалдарды талқыға салды.

Байқаудың соңғы күні еліміздің озық жоғары оқу орындарындағы бизнес-инкубаторлары үздік стартап жобалары бойынша көрме ұйымдастырды.

Байқау нәтижесі бойынша аукцион форматында өткен суперфиналға 15 жоба іріктеліп, инвесторларға жобаларын таныстыру мүмкіндігін алды. Yessenov University атынан қатысқан «Қазақстандық женьшень» жобасы инвесторлардан қолдау алды. Байқау басталғаннан қатысушыларға жыл бойы қолдау көрсеткен, Маңғыстаулық ментор «Казэнергоконсалтинг» компаниясының директоры Бауыржан Сарыев «Үздік ментор» номинациясын жеңіп алды.