Ақтауда «Каспий ойындары» халықаралық жарысы өтіп жатыр. Спорт сайысына Каспий маңы елдерінен 400-ден астам студент жиналды.
Ақтауға Каспий маңындағы бес мемлекеттің ғылыми-зерттеу орталықтары қауымдастығына мүше жоғары оқу орындарының студенттері келді. Халықаралық шара студенттік спортты дамытуға және бауырлас елдер жастарының достығын нығайтуға арналған.
Сайысқа 16–25 жас аралығындағы студенттер қатысып жатыр. Жарыстар Ақтаудағы бірнеше спорт кешенінде бір мезгілде өтуде.
Жеңіл атлетика, волейбол, футзал, баскетбол, жүзу, каратэ-до, бокс, шахмат, киберспорт және самбо.
«Өздеріңіз білесіздер, Каспий маңы елдерінің татулығы, достастығы экономикалық немесе мәдени жағынан болсын, біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында. Сондықтан бізде бүгін жалғыз білім-ғылым саласында ғана емес, спорттық шарада жастардың басын қосып жатырмыз. Қатысушыларға сәттілік тілеймін!»
— Ермек Нұрмағанбет, ұйымдастыру алқасының мүшесі
«Каспий маңы мемлекеттері жастарының басын қосқан шараға волейбол спорты бойынша екінші рет қатысып отырмын. Біріншісі бұған дейін Ресейде өтті. Қазақстанға алғаш келуім. Ақтаудан және Атыраудан келген студенттермен танысып, олардың арасынан жаңа құрбыларымды таптым.»
— Татьяна Алябьева, жарысқа қатысушы
