Yessenov University-де қызметкерлердің еңбегін ынталандыру, әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту және кәсіби дамуына қолдау көрсету мақсатында еңбекақыны кезең-кезеңімен арттыру жұмыстары жыл сайын жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Университет үшін басты құндылық – оның адамдары, сондықтан әр қызметкердің еңбегі мен нақты нәтижесі лайықты бағалануы тиіс.
Биыл да осы бағыттағы жұмыс жалғасын тауып, профессор-оқытушылар құрамының еңбекақысы арттырылуда. Сонымен қатар қызмет нәтижелілігіне негізделген ынталандыру жүйесі күшейтіліп, ПОҚ-қа арналған KPI үстемақыларының бюджеті былтырғы 129 млн теңгеден биыл 250 млн теңгеге дейін, яғни екі есеге жуық ұлғайтылды. Бұл – кәсіби белсенділікті, ғылыми нәтижелілікті, сапалы білім беруді және университет дамуына қосылған нақты үлесті әділ бағалауға бағытталған маңызды қадам.
Бұдан бөлек, 1 қыркүйектен бастап қызметкерлердің еңбекақысы бір лауазымдық айлықақы мөлшерінде арттырылды. Нәтижесінде кіші қызмет көрсету персоналының орташа еңбекақысы 224 мыңнан 264 мың теңгеге, оқу-көмекші персоналдікі 259 мыңнан 311 мың теңгеге, ал жетекші мамандардікі 410 мыңнан 479 мың теңгеге дейін өсті.
Yessenov University үшін еңбекақыны арттыру – тек әлеуметтік қолдау шарасы емес, еңбек, нәтиже және кәсіби өсім өзара сабақтасқан әділ ынталандыру жүйесін қалыптастырудың маңызды бөлігі.

