Маңғыстауда халықаралық жоба аясында екі жаңа білім беру бағдарламасы іске қосылды

📅 24.09.2026
|
Дереккөз: @mangystau_news Telegram каналы

Yessenov University-де AKTANTEN in Aktau халықаралық жобасы аясында «Жаңартылатын энергия жүйелері» (Renewable Energy Systems) және «Логистикадағы менеджмент» (Management in Logistics) атты екі жаңа магистратуралық білім беру бағдарламасы ашылды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.

Жаңа бағдарламалар Қазақстан мен Германия арасындағы жоғары білім, ғылым және технология салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ энергетикалық трансформация мен заманауи логистика бағыттары үшін халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған.

Іс-шараға Yessenov University басшылығы, Германияның серіктес жоғары оқу орындарының профессорлары мен өкілдері, мемлекеттік органдардың, өндірістік кәсіпорындардың және халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ оқытушылар мен білім алушылар қатысты.

Салтанатты рәсім барысында жаңа білім беру бағдарламалары таныстырылып, Қазақстан мен Германия университеттері арасындағы академиялық әріптестікті дамыту, академиялық ұтқырлықты кеңейту және бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

«Жаңартылатын энергия жүйелері» бағдарламасы Yessenov University мен Hamburg University of Applied Sciences серіктестігі аясында әзірленген. Бағдарлама жаңартылатын энергия көздері, күн және жел энергетикасы, жасыл сутек пен отын элементтері, энергия сақтау жүйелері, Smart Grid технологиялары, цифрлық модельдеу, энергия тиімділігі және тұрақты энергетикалық жүйелер бағыттарын қамтиды.

Ал «Логистикадағы менеджмент» бағдарламасы Technical University of Applied Sciences Wildau университетімен бірлесіп жүзеге асырылып, көлік-логистикалық жүйелерді басқару, жеткізу тізбектері, тұрақты логистика, цифрландыру және халықаралық тасымалдау салаларына басымдық береді.

«Жоба аясында екі жаңа білім беру бағдарламасы әзірленді. Қазіргі таңда бұл бағдарламалар іске қосылып, магистранттар білім алып жатыр. Олар – энергетика және логистика бағыттары. Өздеріңізге белгілі, Маңғыстау облысы үшін бұл салалардың стратегиялық маңызы зор. Бағдарлама аясында білім алушылар Германияға барып, тәжірибе алмасып, жетекші профессорлардан білім алады. Кейін университетке оралып, өңірдегі энергетика мен логистика салаларының дамуына өз үлестерін қосады деп сенеміз. Қазіргі таңда Алматыдағы серіктес университетпен бірлесіп, білім алушыларымыз Германияның білікті профессорларының дәрістерін тыңдайды».

Ермек Нұрмағанбет

Yessenov University-дің атқарушы вице-президенті

Бағдарламалар Германияның академиялық алмасу қызметі – DAAD қолдауымен жүзеге асырылатын AKTANTEN халықаралық жобасы шеңберінде іске қосылды. Жоба Қазақстан мен Германия университеттері арасында тұрақты академиялық әріптестікті қалыптастыруға, білім беру бағдарламаларын интернационалдандыруға және оқытушылар мен студенттердің академиялық ұтқырлығын дамытуға бағытталған.

Жаңа бағдарламалардың ерекшелігі – магистранттардың неміс серіктес университеттерінің академиялық тәжірибесімен танысып, халықаралық профессорлардан білім алып, ғылыми және қолданбалы жобаларға қатысу мүмкіндігіне ие болуы.

Университет ұжымының айтуынша, бұл бастама Маңғыстау өңірінің жаңартылатын энергетика мен логистика салалары үшін жаңа буын мамандарын даярлауға серпін беріп, Ақтаудың халықаралық білім беру және ғылыми ынтымақтастық орталығы ретінде әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

KEEP READING...

You may also like