Бүгін, 2026 жылғы 8 маусымда, Yessenov University профессорлық-оқытушылық құрамына арналған «Жазғы мектеп – 2026» бағдарламасы өз жұмысын бастады. Білім беру бағдарламасы 19 маусымға дейін жалғасып, кәсіби дамуға, тәжірибе алмасуға және заманауи білім беру тәжірибелерін меңгеруге арналған тиімді алаңға айналады.
Жазғы мектеп университет оқытушыларының біліктілігін үздіксіз арттыру жүйесі аясында ұйымдастырылып, төрт негізгі бағытты қамтиды: «Ғылыми әлеуетті дамыту», «Оқу-әдістемелік жұмыс», «IT-технологиялар» және «Тәрбие жұмысы мен тәлімгерлік дағдыларын дамыту».
Биылғы жылы білім беруді цифрлық трансформациялау мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Жазғы мектеп аясында оқытушылар «Цифрлық оқытушы: AI-агенттер, Vibe Coding, аватарлар және практикалық кейстерге негізделген оқытудың жаңа моделі» атты авторлық курс бойынша білім алуда. Курс қатысушыларды жасанды интеллекттің заманауи құралдарымен, цифрлық білім беру ассистенттерін құру мүмкіндіктерімен, Vibe Coding технологияларымен және оқу үдерісінде цифрлық аватарларды қолдану тәсілдерімен таныстырады. Сонымен қатар практикалық бағыттағы оқыту тәсілдері мен инновациялық педагогикалық әдістемелерді енгізуге басымдық беріледі.
Барлық қатысушыларға табысты жұмыс, шығармашылық шабыт, жаңа кәсіби жетістіктер және цифрлық технологияларды нәтижелі меңгеру тілейміз!