2026 жылғы 28 сәуірде Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің бастамасымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жетілдіруге арналған диалог алаңы өтті.
Аталған іс-шара Қазақстан Республикасының 2022–2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасын іске асырудың аяқталуына және жаңа бағдарламалық құжатты әзірлеу қажеттілігіне орай ұйымдастырылды. Диалог алаңы мемлекеттік органдар, ғылыми қауымдастық, сарапшылар және жастар өкілдерінің қатысуымен ашық пікір алмасу форматында өтті.
Кездесуге Департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Т. Жұмағұлов қатысып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асырудың негізгі нәтижелері мен алдағы басым бағыттарына тоқталды. Өз сөзінде ол қоғам мен мемлекеттің бірлескен күш-жігері ғана тиімді әрі тұрақты антикоррупциялық жүйе қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Іс-шара барысында қатысушылар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тетіктерін жетілдіру, мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен есептілігін арттыру, жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ цифрлық құралдарды кеңінен енгізу мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, жаңа бағдарламалық құжаттың мазмұнын жетілдіруге бағытталған нақты ұсыныстар мен бастамалар айтылды.
Диалог алаңы аясында барлық ұсыныстар хаттамаланып, алдағы уақытта уәкілетті органдарға жолданатыны атап өтілді. Бұл өз кезегінде мемлекеттік саясатты қалыптастыруда қоғам пікірінің ескерілуіне мүмкіндік береді.
Іс-шара қорытындысы бойынша мұндай форматтағы кездесулер мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға, ашықтық қағидаттарын дамытуға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді саясат жүргізуге ықпал ететіні ерекше атап өтілді.