24 сәуір күні Yessenov University «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасы Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың 40 жылдығына арналған «Чернобыль: қасірет пен сабақ» атты еске алу іс-шарасын өткізді.
Іс-шараға Маңғыстау облысынан Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан ардагерлер, қоғамдық ұйымдар жетекшілері, сондай-ақ университеттің ғылыми және студенттік қауымдастығы қатысты.
Қатысушылар алдында Yessenov University зерттеу және даму жөніндегі вице-президенті А.А. Сейдалиев, Маңғыстау облысы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы О.Н. Әбділов сөз сөйледі. Университет профессоры Е.Д. Муралев «Ядролық энергия: өткені, бүгіні және болашағы» тақырыбында баяндама жасап, атом энергетикасының даму бағыттары, тәуекелдері мен мүмкіндіктеріне ғылыми тұрғыдан тоқталды.
Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысушы Ю.И. Кержбаум сол кезеңдегі естеліктерімен бөлісіп, мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алуда кәсібилік пен адам өміріне деген жауапкершіліктің маңызы зор екенін атап өтті. Педагогика факультетінің деканы А.И. Мамбетова «Чернобыль: өткеннің сабағы және қазіргі қоғамның әлеуметтік жауапкершілігі» тақырыбындағы эссе байқауының қорытындысын жариялап, 240 жұмыстың ішінен үздік деп танылған үш қатысушыны марапаттады.
Ардагер-ликвидаторларға құрмет ретінде студенттер музыкалық бағдарламамен өнер көрсетіп, алғыс пен құрметтерін білдірді.

