Yessenov University-де екі күндік Green Hydrogen Hackathon Central Asia халықаралық хакатоны өтті. Іс-шара төмен көміртекті энергетика саласындағы инновациялық шешімдерді дамытуға және жас ғалымдардың әлеуетін қолдауға бағытталды.
Бағдарлама аясында қатысушылар сутекті өндіру, сақтау, тасымалдау және оны энергетикалық жүйелерге енгізу бағыттарындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жобалармен жұмыс істеді. Сонымен қатар экономиканы декарбонизациялау және экологиялық таза технологияларды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Хакатонға Әзербайжаннан 3 команда, Өзбекстаннан 1 команда, Астана және Атырау қалаларынан командалар қатысты. Бағдарлама аясында алғашқы күні шетелдік ғалымдар дәріс оқып, күннің екінші жартысында хакатон тапсырмалары берілді. Қатысушылар кешке дейін жобалармен жұмыс істеді. Екінші күні командалар өз жұмыстарын қорғап, нәтижесінде жеңімпаз анықталды.
Үздік команда болып Әзербайжан мемлекеттік мұнай және өнеркәсіп университетінің NYCAENGINEERS командасы танылды. Хакатон қорытындысы бойынша жеңімпаз команда «жасыл сутек» бағыты бойынша Германияның жетекші университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтарында бес күндік тағылымдамадан ұйымдастырушылардың толық қаржыландыруымен өту мүмкіндігіне ие болды.