28 қаңтар күні Yessenov University-де «Заң мен тәртіп» жобасы аясында «Құқықтық тәртіп: студент жастардың болашағын қорғау» тақырыбында кездесу өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты – студент жастар арасында құқықтық мәдениетті нығайту, заң талаптарын сақтаудың маңыздылығын түсіндіру, құқықбұзушылықтың алдын алу және жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру болды.
Іс-шараға құқық қорғау органдарының өкілдері, Маңғыстау облысы Полиция департаментінің қызметкерлері, қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мамандары, университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты. Сонымен бірге Zoom платформасы арқылы жазасын өтеп жатқан сотталғандар мен жазасын өтеп келген азаматтар қосылды. Жазасын өтеп келген азаматша өз өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, құқықбұзушылықтың салдары туралы нақты мысалдар келтірді.
Құқық қорғау органдарының өкілдері құқықтық тәртіпті сақтау, заң алдындағы жауапкершілік, құқықбұзушылықтың әлеуметтік салдары, сондай-ақ жастардың құқықтары мен міндеттері туралы жан-жақты түсіндірме берді. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, студенттер сала мамандарына өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты әрі мазмұнды жауаптар алды.
Аталған іс-шара студенттердің құқықтық санасын қалыптастыруға, заңға құрметпен қарау мәдениетін күшейтуге және жауапкершілік сезімін арттыруға оң ықпал етті.