2026 жылғы 21 мамырда «Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті» КеАҚ-да (бұдан әрі — Yessenov University) Теңіз академиясының жаңа оқу ғимаратының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғылыми қауымдастық мүшелері, салалық ұйымдар, профессор-оқытушылар құрамы, студенттер және теңіз саласының ардагерлері қатысты.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің алғашқы отырысында: «Өңірлерде академиялық басымдық орталықтарын, оның ішінде технопарктерді, инженерлік хабтар мен зертханаларды құру міндетін қоямын. Бұл ретте өңірлік ерекшеліктерді, сондай-ақ ғылыми-технологиялық және экономикалық дамудың басымдықтарын ескеру маңызды», — деп атап өткен болатын.
Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы Yessenov University жанындағы Теңіз академиясы базасында Қазақстанның теңіз саласындағы жетекші білім беру және ғылыми орталығы ретінде академиялық басымдық орталығын құру жобасының стратегиялық негізіне айналды.
Теңіз саласындағы академиялық басымдық орталығы жобасы Еуропа мен Азия арасындағы халықаралық сауданың негізгі бағыттарының біріне айналып келе жатқан Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамыту үшін стратегиялық маңызға ие. Академия Орта дәліздің порттық, кеме қатынасы және логистикалық инфрақұрылымы үшін кадрлар даярлауды, қолданбалы зерттеулерді дамытуды, көлік үдерістерін цифрландыруды және теңіз саласына инновациялық шешімдерді енгізуді қамтамасыз етеді.
Теңіз академиясы білім, ғылым және бизнесті ықпалдастыруға, қолданбалы ғылыми зерттеулер жүргізуге, технологиялар трансфертін дамытуға және теңіз көлігі, логистика, кеме қатынасы мен порттық инфрақұрылым сияқты стратегиялық маңызды салалар үшін жоғары білікті мамандар даярлауға бағытталған академиялық басымдық орталығының негізгі өзегіне айналып отыр.
Теңіз академиясын дамытудағы маңызды бағыттардың бірі — ғылыми-технологиялық инфрақұрылымды халықаралық деңгейдегі заманауи теңіз симуляторларымен жабдықтау. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруы (БНҚ) аясында жүзеге асырылып жатқан «Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы теңіз операцияларының тиімділігі мен экологиялық тұрақтылығын арттыруға арналған кешенді энергия үнемдеу технологияларын әзірлеу» жобасы бойынша жалпы құны 1,11 млн еуроны құрайтын Kongsberg компаниясының заманауи навигациялық және инженерлік симуляторлары сатып алынды.
Kongsberg компаниясы теңіз технологиялары, навигациялық жүйелер және кеме жабдықтары саласындағы әлемдік жетекші корпорациясы болып табылады. Компанияның жабдықтары мен бағдарламалық қамтамасыз ету жүйелері әлемдік теңіз индустриясында кеңінен қолданылып, халықаралық сауда флотының елеулі бөлігінде орнатылған. Бұл өз кезегінде кеме қатынасының қауіпсіздігі мен тиімділігінің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді.
Кешен құрамына «K-SIM Navigation» және «K-SIM Engine» тренажерлері, сондай-ақ теңіз мамандарын даярлауға арналған арнайы бағдарламалық шешімдер кіреді. Бағдарламалық қамтамасыз ету Yessenov University қажеттіліктеріне арнайы әзірленген және әлемдік тәжірибеде баламасы жоқ. Симуляциялық кешендер 300-ден астам кеме түрінің навигациялық көпіршесінің жұмысын, машина бөлімін басқаруды, борттық жүйелерді пайдалануды және шынайы жағдайларға барынша жақын кеме жүргізу сценарийлерін модельдеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар академия «Сторм» компаниясының тренажерларымен және International Maritime Organization (IMO) халықаралық стандарттарына сәйкес теңізшілердің міндетті конвенциялық даярлығын өткізуге арналған мультимедиялық оқу модульдерімен жабдықталған. Кешен вахталық офицерлерді, капитандарды, механиктерді, лоцмандарды, сауда, балық аулау және әскери-теңіз флоты мамандарын даярлау, қайта даярлау және аттестаттауға арналған.
Теңіз академиясы 2018 жылы Каспий маңы мемлекеттері басшылары саммитінің қорытындысы бойынша құрылған және қысқа уақыт ішінде елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Университет Ресейдің Теңіз кеме қатынасы тіркелімінің сертификатын алды және 2024 жылдың қазан айында International Association of Maritime Universities (IAMU) халықаралық қауымдастығына мүше болды. Бұл білім беру бағдарламаларының халықаралық талаптар мен теңіз мамандарын даярлау стандарттарына сәйкестігін растайды.
Қазіргі таңда Теңіз академиясында 350 студент білім алуда. Мамандар даярлау бакалавриаттың 6 білім беру бағдарламасы және магистратураның 4 білім беру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады. Атап айтқанда: кеме жүргізу, кеме энергетикалық қондырғыларын пайдалану, кеменің электр жабдықтары мен автоматика құралдарын пайдалану, порттар мен көлік терминалдарының тиеу-түсіру жабдықтарын пайдалану, теңіз техникасы мен технологиялары, су көлігін басқару, машина жасау, көлік логистикасы, көлік және көлік техникасы бағыттары қамтылған.
Жаңа кешеннің инфрақұрылымына әскери кафедра студенттерін даярлауға арналған саптық алаң, қарауыл қалашығы және заманауи кедергілер жолағы кіреді. Ашылу күні 130-дан астам курсант әскери ант қабылдады.
Теңіз академиясы базасында академиялық басымдық орталығын құру жобасын іске асыру университеттің ғылыми-білім беру және өндірістік базасын нығайтуға, білім алушылардың практикалық құзыреттерін кеңейтуге, әскери және теңіз білімінің сапасын арттыруға, елді білікті кадрлармен қамтамасыз етуге, ғылыми зерттеулерді коммерцияландыруды дамытуға және университет пен Маңғыстау облысының халықаралық деңгейдегі танымалдығын арттыруға мүмкіндік береді.
Теңіз академиясының жаңа оқу ғимаратының ашылуы Қазақстандағы теңіз білімінің дамуының жаңа кезеңін айқындап, өңірде теңіз экономикасының, ғылымның және адами капиталдың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін халықаралық ғылыми-білім беру орталығын қалыптастыруға негіз қалайды.
Аталған жоба заманауи теңіз білім беру экожүйесін қалыптастырудағы және Қазақстанның өңірлік ғылыми-білім беру әрі көлік-логистикалық хаб ретіндегі рөлін нығайтудағы маңызды қадам болып табылады.