2 ақпан күні Yessenov University-де «Жаңа Конституция жобасы: Адам құқығы – мемлекеттің басты басымдығы» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шара университеттің Мәжіліс залында өтіп, оған профессор-оқытушылар құрамы, құқық саласындағы ғалымдар мен университет қызметкерлері қатысты. Жиынның модераторы Yessenov University президенті Б.Б. Ахметов болды.
Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – Жаңа Конституция жобасының мазмұнын, оның адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге, қоғамның құқықтық санасын арттыруға және білім беру жүйесі мен жастар тәрбиесіне ықпалын талқылау болды.
Кіріспе сөзінде Б.Б. Ахметов Жаңа Конституция жобасының Қазақстанның құқықтық жүйесін жаңғыртудағы, әділетті қоғам құрудағы және құқықтық мәдениетті дамытудағы маңызын атап өтті.
Негізгі баяндаманы құқық және халықаралық қатынастар факультетінің деканы, заң ғылымдарының кандидаты Д.Б. Бұғыбай жасап, құжаттағы адам құқықтарын қорғауға бағытталған нормаларға жан-жақты талдау ұсынды. Сондай-ақ осы факультеттің кафедра меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты Б.Т. Ауешеова конституциялық реформалардың құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтудағы рөлі мен құқықтық тәрбиені жетілдірудегі маңызына тоқталды.
Жиын қорытындысында қатысушылар Жаңа Конституция жобасына қатысты өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салып, ашық талқылау жүргізді. Дөңгелек үстелде айтылған тұжырымдар мен ұсыныстар алдағы уақытта университеттің тәрбие, білім беру және құқықтық ағарту жұмыстарына әдістемелік негіз ретінде пайдаланылатын болады.