Университетте профессор-оқытушылар құрамы мен басшылық құрамның біліктілігін арттыру аясында «Жоғары білім беру жүйесіндегі адам ресурстарын басқару» курсы басталды. Курсты «Менеджмент» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша PhD Нұргүл Пернебекқызы жүргізеді.

Курс бағдарламасы академиялық ортада персоналды басқару саласындағы негізгі құзыреттерді дамытуға және университет қызметіне HR-менеджменттің заманауи тәжірибелерін енгізуге бағытталған.

Курс тыңдаушыларының қатарында оқытушылармен қатар университеттің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары да бар. Бұл HR саласындағы мәселелерді тек академиялық тұрғыда ғана емес, сонымен қатар персоналды басқару мен корпоративтік өзара іс-қимыл тұрғысынан талқылауға мүмкіндік береді.

Курс барысында тыңдаушылар төмендегідей дағдылар мен құзыреттерді меңгереді: стратегиялық HR-ойлау – ұзақ мерзімді кадрлық стратегияларды қалыптастыру қабілеті; персоналды іріктеу және бейімдеу дағдылары – қызметкерлерді тиімді тарту, бағалау және академиялық ортаға бейімдеу; қызметкерлерді дамыту және оқыту құзыреттері – кәсіби өсу мен тәлімгерлік бағдарламаларын ұйымдастыру, персоналды ынталандыру; академиялық ортадағы көшбасшылық және командалық жұмыс – тиімді жұмыс топтарын қалыптастыру, басқарушылық және коммуникациялық дағдыларды дамыту; нормативтік-құқықтық және этикалық сауаттылық – персоналмен жұмыс істеудегі заңнамалық база мен этикалық нормаларды білу, корпоративтік мәдениетті сақтау.

Курс теориялық дәрістер мен практикалық сабақтарды ұштастыра отырып, нақты кейстерді талдауды және университеттік ортадағы HR-процестерді модельдеуді қамтиды. Әсіресе корпоративтік этика, ішкі коммуникациялар және бірыңғай корпоративтік кеңістікті қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Курсты аяқтағаннан кейін барлық қатысушыларға, оның ішінде басшыларға да, бағдарламалық құзыреттерді меңгергенін және кәсіби дағдыларын растайтын сертификаттар табысталады. Бұл университеттің білім беру және ғылыми қызметінде персоналды басқарудың заманауи әдістерін енгізуге қосымша ынталандыру болмақ.

Аталған курс қызметкерлердің кәсіби даярлығын арттыруға, командалық өзара іс-қимылды нығайтуға және университеттің корпоративтік мәдениетін дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар ол HR-менеджменттің жоғары білім беру саласындағы өзекті мәселелерін талқылауға және тәжірибе алмасуға арналған тиімді алаң қалыптастырады.

Leave a Reply

KEEP READING...

You may also like