4 ақпан күні Yessenov University құрамындағы Теңіз академиясында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасына арналған талқылау өтті. Іс-шараға профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысып, ел үшін тарихи мәні бар құжаттың негізгі бағыттары жан-жақты қарастырылды.

Жиынды академиялық жұмыс жөніндегі вице-декан А.А. Юсупов ашып, жаңа Конституция жобасының басты ерекшеліктеріне тоқталды. Ол конституциялық реформалардың елдің саяси-құқықтық жүйесін жаңғыртудағы, демократиялық институттарды нығайтудағы маңызын атап өтті. Аға оқытушы М.Қ. Аралбаева өз сөзінде жоба мәтінінде адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауға басымдық берілгенін, бұл өзгерістер азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға және әділетті қоғам құруға бағытталғанын атап көрсетті.

Профессор Ж.Ж. Жұмаев жаңа Конституция жобасындағы маңызды жаңашылдықтардың бірі – Құрылтай негізінде бірпалаталы жаңа Парламент қалыптастыру бастамасына тоқталып, бұл қадам халықтың өкілді билікке қатысу тетіктерін кеңейтуге ықпал ететінін айтты. Машина жасау және логистика кафедрасының меңгерушісі Г.Ж. Булекбаева цифрлық ортадағы құқықтарды қорғауға қатысты нормалардың өзектілігін атап өтіп, цифрландыру жағдайында жеке деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне назар аударды.

Іс-шараның қорытынды бөлімінде тәрбие жұмысы жөніндегі вице-декан міндетін атқарушы А.У. Алдабергенов студенттермен ашық пікір алмасып, жаңа Конституция жобасын талқылаудың маңызын атап өтті. Ол қатысушыларды ақпаратты сыни тұрғыдан қабылдауға, жалған мәліметтерден сақтануға және конституциялық реформалар төңірегіндегі ашық қоғамдық диалогқа белсенді қатысуға шақырды.

Талқылау нәтижесінде студенттердің азаматтық ұстанымын нығайтуға, конституциялық құндылықтарға құрмет сезімін қалыптастыруға және жаңа Конституция жобасына қатысты түсінігін тереңдетуге бағытталған маңызды алаң қалыптасты.

KEEP READING...

You may also like