КӨКОРДАМЫЗ ТАҒЫ БІР АТАУЛЫ АУДИТОРИЯМЕН ТОЛЫҚТЫ

Бүгін университетімізде ҚР Ауыл шаруашылығы саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Сәбит Әбішұлы атындағы оқу аудиториясының ашылу салтанаты өтті.

 

Жаңадан жасақталған кабинеттің ашылуына университет басшылығы, ұжымы, профессор-оқытушылар қауымы, кабинеттің лентасын кескен Әбішевтер әулетінің қарашаңырақ иесі Әсет Сәбитұлы, замандастары қатысты.

 

Мұндай мазмұнды кабинеттердің жас ұрпаққа берер танымдық тағылымы мол. Шара барысында С.Әбішұлы туралы «Еңбегі ерен» айдарымен шыққан «Ғибратты ғұмыр» атты деректі фильм көрсетілді. Сонымен қатар, Сәбит Әбішұлының «Өмір-дария» деген атпен бұрын жарияланбаған жазбалары жинақталған жаңа кітабы жарық көргендігі жарияланды. Бұл жаңа жинақтың лентасын қию мәртебесі Маңғыстау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Төлетов пен ауыл шаруашылығы мен мемлекеттік қызмет ардагері Даржок Сейбағытовқа бұйырды.

 

Одан кейін аталған кітапты баспаға әзірлеп, әке рухына тыным таппай қызмет қылып жүрген қызы – ф.ғ.к., Yessenov University профессоры Әбішева Шарапат Сәбитқызы сөз сөйлеп, келген қонақтарға алғысын білдірді.  Шара соңында «Тойдан – тобықтай» деп, барша қонақтарға «Өмір-дария» кітабы сыйға тартылды.