«Отпан тау – рухани дәстүріміздің негізі» атты дөңгелек үстел өтті

13 наурыз күні «Отпан тау» мәдени-мемориалдық кешенінде Республикалық «Амал – 18» мерекесіне арнайы шақырылған қонақтардың, Yessenov University оқытушылары мен «Отпан тау» мәдени-мемориалдық кешені қызметкерлерінің қатысуымен «Отпан тау – рухани дәстүріміздің негізі» атты дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелдің мақсаты – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасып, дәстүрлі түрде тойланып келе жатқан жыл басы – Амал мерекесінің қасиеті мен дәстүрінен сыр шерту, насихаттау.

Дөңгелек үстелді құттықтау сөзбен Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов ашты.

Тілші-ғалым Ислам Жеменей, Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері Отыншы Көшбайұлы «Маңғыстау қазақтарының наурыз мерекесін тойлау ерекшеліктері», Yessenov University доценттері Ақмарал Отарова «Рухани жаңғыру идеясы және Амал мерекесі», Орынгүл Табылдиева «Байырғы қазақ күнтізбесінің қалыптасу тарихы» атты тақырыптарда баяндама жасады.