Университет тарихы

«Мұндай барлық жағдай жасалған тамаша ғимаратта білім алған сіздердің Маңғыстаудай өндірісті өлкенің қарқынды дамуына лайықты үлес қосуларыңа тілектеспін»

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы

Білім беру саясаты Қазақстанның алдыңғы қатарлы ЖОО-ның бірі – Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде белсенді түрде іске асырылады. Еліміздегі білім беру саласын дамыту және жаңғырту бойынша прогрессивтік реформалар ЖОО-ның материалдық-техникалық базасының кеңейтілуіне де, ғылыми-зерттеу және оқу-әдістемелік әлеуетінің жетілдіруіне де қатысты ірі өзгерістердің платформасы болып табылады.

Бүгінгі таңда университетіміз – мемлекеттік аттестациялау мен аккредитациялаудан өткен заманауи ірі ЖОО. Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті – аймағымыздағы білім мен тәрбие берудің, ғылым мен мәдениеттің басты орталығы. Университетте мұнайгаз өнеркәсібі, жол көлігі, машинажасау салалары үшін, сондай-ақ педагогика, құқықтану, экономика, ақпараттық жүйелер, стандарттау, қаржы, геология, экология, жылуэнергетика, құрылыс, коммуналдық шаруашылық және т.б. мамандықтары бойынша кадрларды дайындау іске асырылады.