Бүгін Yessenov University-де «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Маңғыстау облысы бойынша Өңірлік Сараптау кеңесінің № 13 отырысы өтті. Кеңес отырысына университет ректоры Берік Бақытжанұлы Ахметов төрағалық етті.

«Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша өңірде 2018 жылы демеушілердің қаржысымен жүзеге асатын және орындалған іс-шаралар таныстырылып, талқыланды. Отырыста Ақтау қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғабит Мүсірепов, Жаңаөзен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ұлбазар Орынбаева, Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары Үміт Әмірханова, Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Ержан Күмісқалиев, Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Махмутов, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Берік Біләлов, Түпқараған ауданы әкімінің орынбасары Талғат Алтынғалиев баяндама жасап, қалалар мен аудандарда кәсіпкер, белсенді азаматтардың туған жерге тарту ретінде білім-ғылым, бұқаралық спорт, әлеуметтің әлеуетін арттыру үшін қажеттілігін қамту мақсатында және жәрдемге мұқтаж жерлестеріне қамқорлық, қайырымдылық көрсету бағытында ел игілігіне арналған жұмыстар туралы айтты.

Маңғыстау облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Досан Жеткізген жасөспірімдер мен жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатындағы «Jastar Books» жобасын таныстырды. Университет ректоры Берік Ахметов бұл жобаны бірлесе атқаруға өзі басқаратын университет те мүдделі екенін, тіпті қажет кітаптар, оқулықтармен қамтамасыз етуге де дайын екенін білдірді.

Күн тәртібіндегі барлық жобалар мен іс-шаралар Сараптау кеңесі мүшелерінің мақұлдауымен реестрге енгізілетін болды.