2018 жылдың 21 қыркүйек күні Yessenov University Түрколог ғалым, ҚР Халық ағарту ісінің үздігі, Қазақстанның ғылымға  еңбек сіңірген қайраткері  Ғұбайдолла Айдаровтың атындағы оқу аудиториясының ашылу салтанатына  арналған жиын өтті.

 

Тәуелсіз еліміздің руханияты мен ғылымында өшпес із қалдырған, тасқа басылған тарихымыз-Орхон-Енисей,Күлтегін, Тоңыкөк жазуларын ұрпақ жадына мирас етіп табыстауға ерен енбек сіңірген, ғылымның тың саласына тұңғыш түрен салған, алғаш зерттеген қазақ ғалымы, киелі мекеніміздің біртуар перзентінің бірі Ғұбайдолла Айдаровтың халқымыз үшін орны ерекше.

 

Ғұбайдолла Айдаров атындағы оқу аудиториясы Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жерге тағзым бағыты» бойынша  университет тарихында алғаш рет «КЕЗБИ»  ЖШС директоры Б. Кезбаевтың меценаттық (демеушілік) жасауымен жасақталды.

 

Аталған  шараға «КЕЗБИ» ЖШС директоры Б. Кезбаев, Ғ.Айдаровтың ұлы Ахмет Айдаров, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, университеттің  құрметті профессорлары, ақын Есенғали Раушанов, ұрпақтары, өлкеге белгілі азаматтар, ел ағалары, студент жастар  қатысты.

 

Ғұбайдолла Айдаров атындағы оқу аудиториясының ашылу салтанатын университет ректоры Б.Б.Ахметов кіріспе сөзбен ашып,  біртуар ғалымның азаматтық болмысы, ғылыми  зерттеулері,  оқу аудиториясын ашу мақсаты туралы айтып өтті.

 

«КЕЗБИ» ЖШС директоры Б.Кезбаев, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын, университеттің құрметті профессоры Е.Раушанов, Ғ.Айдаровтың ұлы Ахмет Ғұбайдоллаұлы Айдаров,ел ағалары, Ғұбайдолла ағаның замандастары  ғалымның ұлт руханияты  мен ғылымына  сіңірген еңбектері   туралы жүрекжарды сөздерін, естеліктер айтып, алдағы уақытта жасалар істерге сәттілік тіледі.

 

Салтанатты түрде ашылған Ғұбайдолла Айдаров атындағы оқу аудиториясын «Қазақ филологиясы» кафедрасының меңгерушісі А.Н.Отарова таныстырып өтті.

 

Қазақ түркологиясының атасы атанған  ғұлама ғалым Ғұбайдолла Айдаровтың   рухани мұрасынан сусындаған   өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезім ұялатып, рухани және тарихи құндылықтарды  қастерлеуге  баулитыны сөзсіз.

 

Жиналған көпшілік  жоғары дәрежеде ұйымшылдықпен өткен мазмұнды шараға ризашылығын білдірді.