Кешенді экспедицияның үшінші кезеңі

Университеттің «Қазақ филологиясы» кафедрасының профессоры Б.И.Нұрдәулетованың ғылыми жетекшілігімен өткізілген «Маңғыстаудың материалдық және материалдық емес тарихи-мәдени мұралары» халықаралық кешенді экспедициясының 3-кезеңі аяқталды. Экспедиция жұмысына белгілі сәулетші С.Ағытаев, танымал теолог Д.Кенжетай және жергілікті зерттеушілер, өлкетанушылар, университет студенттері мен оқытушылары қатысты. 3-кезеңнің 1-сапары Маңғыстау мен Үстірттің жерасты мешіттеріне арналды. Экспедицияның 1-кезеңінде Сұлтан Үпі, Шопан Ата, Шақпақ Ата, Бекет Ата,  Қараман Ата, Масат Ата сияқты танымал жер асты мешіттері қаралса, осы жолы Бура Ата, Сейдишан, Сегізәжі, Төлеген ишан, Борлы-Торым, Төбесі тесік, Аққорған т.б. сияқты бұған дейін зерттелмеген шағын жерасты мешіттері алғаш рет есепке алынып, сипаттамасы жасалынды. Осындай шағын төбелерді үңгіп дөңгелектеп жасалған жерасты мешіттері дінтану ғылымында «зауийа» деп аталады. Олардың барлығына ортақ белгі: бір не екі бөлмеден тұрады, ішінде намазхана (михраб), зікірхана, шілханалары (хилует) бар, төбесінде жарық түсетін түндік жасалынған. Аталған жерасты мешіттері құлшылық орны, дәрісхана, зиярат етушілерге түнеухана, жолаушыларды суық пен аптаптан қорғайтын баспана сияқты бірнеше функциялар атқарған.

  1. Бура Ата жерасты мешітінің сыртқы көрінісі
  2. Сегізәжі жерасты мешіті. Үстіңгі жағында сегіз қажының қабіріне

шаншылған сегіз сырық

  1. Құлпытастағы ескі таңбаларды жазбаға түсіру сәті
  2. Борлы – Торымдағы жерасты мешітінің кіреберісі
  3. Қапам Ата жер асты мешітінде зиярат етушінің түнемелігіне барлық

жағдай жасалынған

  1. Профессор Б.И.Нұрдәулетова және «Қазақ тілі мен әдебиеті»

мамандығының 3-курс студенті Асамадин Нұржан

  1. Бура Ата жерасты мешітіндегі ғылыми диалог: Б.Нұрдәулетова,

таңбатанушы Б.Төлеген, теолог, философия ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай

  1. Философия ғылымдарының докторы, профессор Д.Кенжетай және

Шопан Ата жерасты мешітін қайта қалпына келтірген танымал архитектор  С.Ағытаев

  1. Университеттің «Педагогикалық технологиялар» кафедрасының

доценті Ш.Сапарбайқызы, «Қазақ филологиясы» кафедрасының профессоры Б.Нұрдәулетова, өлкетанушы Алқажан Еділхан, Жарма аулының тұрғыны, аңшы Алдаберген Ақшабаев ақсақал.

  1. Масат ата жерасты мешітінің ішкі көрінісі: михраб, жайнамазға арналған сөре, асатаяқ.