Маңғыстау облысының білім басқармасының қатысуымен дөңгелек үстел өтті

27 наурыз күні Yessenov University бастамасы бойынша Маңғыстау облысы білім басқармасының, Ақтау қалалық, Мұнайлы аудандық білім бөлімдерінің басшылары және колледж директорларының қатысуымен «2016-2019 жылдарға білім мен ғылымды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында педагог мамандарды даярлау туралы» атты дөңгелек үстел өткізілді.

Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты: білім сапасын қамтамасыз ету саласында одан әрі тиімді ынтымақтастық жасау және еңбек нарығында қажетті, бәсекеге қабілетті білікті мамандарды даярлаудағы өзекті мәселелерді талқылау болды.

Дөңгелек үстелде «Педагог  мамандардың кәсіби біліктілін арттырудың жай-күйі» туралы Облыстық оқу-әдістемелік орталық директорының орынбасары Рысгүл Иманбаева, «Yessenov University-де педагог мамандарды даярлау туралы» «Педагогика» факультетінің деканы Бибатпа Көшімова, ««Педагогика» мамандықтар тобы бойынша білім беру бағдарламаларын әзірлеу» атты тақырыпта оқу-әдістемелік бөлім басшысы Ардақ Бостанова баяндама жасады.

Сондай-ақ жиынға қатынасушылар «Үздіксіз білім беру жағдайында педагогтарды кәсіби даярлау» тақырыбы бойынша да өз ойларын ортаға салып, ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі және ұлтжанды ұстаз дайындауды одан әрмен жаңа деңгейге көтеру үшін бүгінгідей жиындардың маңызы айрықша екенін атап өтті.