«Маңғыстау облысының материалдық және материалдық емес тарихи-мәдени мұралары (этнографиялық, этноархеологиялық, этимологиялық, топонимикалық, тарихи-сәулет, арабографиялық зерттеулер)» кешенді экспедициясы жұмысын бастады.

Кешенді экспедиция «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіледі және 3 турдан өтетін бірнеше тақырыптық бағыттарға бөлінген. Барлық турлар бойынша кәсіби ғалымдардың, тарихшылардың, этнографтардың, археологтар және өлкетанушылардың қатысуымен ғылыми экспедициялар өткізіледі.

Экспедицияны ұйымдастыруда Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты және Yessenov University қолдау көрсетті. Экспедицияның ғылыми кеңесшісі – Ресей Ғылым Академиясының Ресей тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Трепавлов Вадим. Экспедицияның ғылыми кеңесшісі – Нұрдәулетова Бибайша, Yessenov University филология ғылымдарының докторы, профессор.

Кешенді экспедицияның ақпараттық қолдаушысы – «Арша» медиастудиясы және жергілікті БАҚ («Маңғыстау» арнасы, Өңірлік коммуникациялар қызметі). Экспедиция қорытындысы бойынша «Арша» медиастудиясымен тәуліктік «Kazakh TV» арнасында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде таратылып көрсетілетін 2 сериялы деректі фильм дайындалады. «Kazakh TV» арнасы өз сигналын  әлемнің 118 елінің аймағында таратады, 5,1 млрд. адам әлеуетті аудиториясы бар. Сондай-ақ, экспедиция қорытындысы республикалық «Хабар 24», «Ел арна» арналарынан көрсетілетін болады.

Экспедиция барысында Маңғыстауда орналасқан Қазақстанның жалпыұлттық маңызы бар сакралды орындары, ноғайлы кезеңінің ескерткіштері және аймақтың шыңырау-құдықтары зерттеледі. Ғылыми экспедиция жұмысы өлкенің баға жетпес тарихи мұрасын ұлттық идеологияның бөлігі етуге, Қазақстанның ұлттық мәдени құндылықтарын кеңінен танымал ету және әлем назарына ұсынуға, еліміздің әлемдік брендін жоғарылатуға, туған өлкеге деген сүйіспеншілік пен патриотизмді арттыруға бағытталған.